2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Осы күннен бастап біздің халқымыз жыл сайын 4 маусымды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ретінде атап өтеді.
Мемлекеттік рәміздер – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік әнұран – кез келген мемлекеттің ажырамас атрибуттары болып табылады. Олар оның бірегейлігі мен егемендігін бейнелейді.
Ашық аспан түстес, ортасында шұғылалы күн мен қалықтап ұшқан бүркіт бейнеленген Мемлекеттік Туы көгінде желбіреген, өзінің мемлекеті бар халық бақытты.
Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары бейбітсүйгіш сыртқы саясатты жүзеге асыра отырып, құқықтық мемлекет құруда. Қазақстан халқының бірлігі идеясын Ұлы дала көшпенділері арасында ерекше құрметке ие болған өмір мен мәңгіліктің нышаны ретінде шеңбердің ортасындағы шаңырақ бейнеленген Мемлекеттік Елтаңба бейнесінен байқауға болады.
Әрбір қазақстандықтың міндеті – еліміздің тәуелсіздігінің белгісі ретінде осы рәміздерді ерекше құрметтеу.